Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі меншік нысанына қарамастан медициналық ұйымдарда олардың лицензияда айқындалатын қызметінің бағытына сәйкес тегін көрсетіледі.

      Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне:
      1) жедел медициналық көмек пен санитариялық авиация;
      2) мыналарды:
      медициналық-санитариялық алғашқы көмекті (бұдан әрі - МСАК);
      медициналық-санитариялық алғашқы көмек маманының және бейінді мамандардың жолдамасы бойынша консультациялық-диагностикалық көмекті (бұдан әрі - КДК) қамтитын амбулаториялық-емханалық көмек;
      3) уәкілетті орган айқындайтын ауруханаға жатқызу жағдайларының жоспарланған саны (шекті көлемі) шеңберінде - МСАК маманының немесе медицина ұйымының жолдамасы бойынша, төтенше айғақтары бойынша жолдаманың болу-болмауына қарамастан көрсетілетін стационарлық медициналық көмек;
      4) МСАК маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша стационарды алмастыратын медициналық көмек;
      5) қалпына келтіру емі және медициналық оңалту;
      6) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген халық санаттары үшін паллиативтік көмек және мейірбике күтімі кіреді

МСАК адам, отбасы және қоғам деңгейінде көрсетілетін, қолжетімді медициналық қызметтер кешенін:
      1) неғұрлым кең таралған ауруларды, сондай-ақ жарақаттануларды, улануларды және басқа да кейінге қалдыруға болмайтын жай-күйлерді диагностикалау мен емдеуді;
      2) инфекциялық аурулар ошақтарында санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды;
      3) халықты гигиеналық оқытуды, отбасын, ананы, әкені және баланы қорғауды;
      4) халықты қауіпсіз сумен жабдықтау және оның кенеулі тамақтануы жөніндегі түсіндіру жұмыстарын қамтитын, тәулік бойы медициналық бақылау болмайтын, дәрігерге дейінгі немесе білікті медициналық көмек түрінде көрсетіледі.
      МСАК көрсететін ұйымдардың қызметі азаматтарға медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы ескеріле отырып, олардың тұрғылықты және (немесе) бекітілген жері бойынша медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында аумақтық принцип бойынша құрылады.
     МСАК-ты учаскелік терапевтер, педиатрлар, жалпы практика дәрігерлері, акушер-гинекологтар, фельдшерлер, акушерлер, мейірбикелер дәрігерге дейінгі немесе білікті медициналық көмек түрінде көрсетеді.
     МСАК көрсету түрлерін, көлемін, тәртібін, сондай-ақ азаматтарды МСАК ұйымдарына бекіту тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
     МСАК-ты ұйымдастыруды жергілікті мемлекеттік басқару органдары жүзеге асырады.
     КДК тәулік бойы медициналық бақылау жасалмайтын, мамандандырылған немесе жоғары мамандандырылған медициналық көмек түрінде керсетіледі.
Бейінді маманның КДК көрсетуі МСАК маманының және бейінді мамандардың жолдамасы бойынша жүзеге асырылады.
     КДК көрсету тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
     Стационарлық көмек тәулік бойы медициналық бақылау жасалатын, білікті, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек нысанында ұсынылады.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз ету:
      1) жедел, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде - медициналық ұйымдар бекіткен және белгіленген тәртіппен уәкілетті органмен келісілген дәрілік формулярларға сәйкес;
      2) амбулаториялық-емханалық көмек көрсету кезінде - белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті қамтамасыз ету үшін уәкілетті орган бекітетін дәрілік заттар мен мамандандырылған емдік өнімдер тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады.

"Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы № 2136 қаулысына өзгеріс енгізу туралы